Күн — елдің тынысы
Бөлімдер
Жаршы

Ұлытау облысында пойыз жолаушылары жарақат алды

Ұлытау облысында шұғыл тежеуішті қолдану кезінде пойыз жолаушылары жарақат алды.

«Қазақстан темір жолы» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше төтенше жағдай 24 тамызда сағат 21:38 – де Қызылжар – Түйемойнақ аралығында болған.

«№107 Жезқазған-Астана бағытындағы жолаушылар пойызының машинисі жолда тұрған жүк вагонымен соқтығыспау үшін кедергіге 300 метр қалғанда 12 км/сағ жылдамдықпен шұғыл тежеуішті қолданды», – деп жазылған хабарламада.

Компанияның мәліметінше локомотив бригадасының жедел және кәсіби әрекетінің арқасында елеулі зардаптар болмаған.

«Зардап шеккендер жоқ, кейбір жолаушылар шұғыл тежеу нәтижесінде жеңіл жарақат алды», – дейді мамандар.

Пойыз 23:14-те жүрісін жалғастырды. Теміржол инфрақұрылымы мен локомотив зақымданған жоқ.

Оқиға себептері анықталып жатыр. Мән-жайды анықтау үшін Басқарма төрағасының орынбасары бастаған комиссия оқиға орнына аттанып кетті.