Әлемдік нарықта іштен жанатын қозғалтқышы бар көліктердің үлесі қарқынды түрде азайып отыр.

Әлемдік автокөлік нарығында жаһандық өзгеріс жүріп жатыр. Бұл қазба отынынан бас тарту тенденциясымен байланысты. Электрокарлар бұған дейін басымдыққа ие болған іштен жанатын қозғалтқышы бар көліктерді белсенді түрде ығыстырып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

JATO аналитикалық орталығы жүргізген зерттеу деректеріне сүйенсек, соңғы бірнеше жылда іштен жанатын қозғалтқышы бар көліктердің үлесі айтарлықтай азайған. Осы тұста гибридті және аккумулятормен жүретін көліктердің үлесі бірнеше есе ұлғайды. 2019 жылғы көрсеткіштерге қарағанда сол уақытта сатылған көліктердің 91%-дан астамы бензинмен немесе дизельмен жүрсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш шамамен екі есе азайған. Осылайша 56,7%-ға дейін төмендеп отыр.

Сарапшылардың айтуынша, мұндай өзгерістерге әлемдегі "жасыл саясаттың" күшеюі және ірі автокөлік өндірушілердің электркарлар шығаруға көшуі себеп болып отыр.

Төрткүл дүниеде осындай өзгерістердің басында Қытай тұр. Жаңа тіркелген электромобильдердің жалпы санының 57%-ы осы елге тиесілі. Электромобильдердің бастапқы тіркелу статистикасындағы Еуропа елдерінің үлесі – 22%, ал АҚШ-қа жаңа аккумуляторлық және гибридті көліктердің 12%-ы кіреді.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, қазір Қазақстанда 6,6 миллионнан астам автокөлік тіркелген. Олардың ішінде 86,7%-ы жеңіл көліктер болса, тағы 9,5% – жүк көліктері, 1,8% – автобустар, ал 2% – мототехника.

Жанар-жағармай түрлері бойынша жүргізілген статистикаға қарайтын болсақ, Қазақстандағы көліктердің 82%-дан астамы бензинмен жүреді. Дизельмен жүретін және аралас отынмен (газ-бензин) жүретін көліктердің үлесі шамамен бірдей – шамамен 7%. Электр көліктері және тек газбен жүретін көліктердің үлесі де шамалас – әрқайсысы 0,3%.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, соңғы бірнеше айда Қазақстандағы электромобильдердің саны 12 мыңнан 18 мыңға дейін артқан. Алты ай ішінде 50%-ға жуық өсу көрсеткіші тіркелген еліміз көптеген мемлекеттерді, оның ішінде Қытай мен Еуропаны да басып озды. Десек те, алғашқы жартыжылдықта Қазақстанда жаңадан тіркелген электромобильдердің саны көптеген елдерге қарағанда әлі төмен. Мәселен, Қытайда жарты жылдың өзінде 5,5 миллионға жуық электромобиль алғаш рет тіркелген.