Ведомство ақпаратынша, министрліктің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығына сәйкес мектеп оқушылары бірыңғай қою көк түсті мектеп формасын кию белгіленген.

Астана қаласының білім басқармасы елордалық ата-аналарға балалардың мектеп формасына қатысты үндеу жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ата-аналар министрлік бекіткен талапты орындауы қажет. Бірақ форманы әркім өзі қалаған сауда орнынан сатып ала алады.

– Ата-аналар бірыңғай үлгіге сәйкес мектеп формасын кез келген сауда орнынан қолжетімді бағада өз таңдауларына қарай сатып ала алады. Мектеп тарапынан ата-аналарды белгілі бір дүкеннен немесе өндірушіден мектеп формасын сатып алуға міндеттеу заңнамаға қайшы екенін назарларыңызға саламыз, – делінген мәліметте.