Шикізаттық емес тауарлардың экспортына қолдау артты.

Мемлекет басшысы былтырғы жолдауында осында міндет қойған еді. Осылайша отандық агроөнеркәсіп тауарларының экспорты жыл басынан 38%-ға өсіп, 3,2 млрд долларды құрады. Мәселен Орталық Азия елдеріне бидай мен күнбағыс майы саудаланады. Сондай-ақ Қазақстан алыс-жақын шетелдерге дайын тепловоз бен локомотив жабдықтарын жеткізеді.

Зауыттың өндірістік қуаты жылына 120 тепловоз шығаруға жетеді. Яғни, ай сайын орта есеппен мұнда 10 тепловоздан құрастырылады. Міне осындай ұсақ-түйек бөлшектерінен бастап, мынадай үлкен локомотивті құрастыруға 500-ден астам адам жұмылады екен. Осылайша зауыт 16 жылда 670 тепловоз шығарған. Дені отандық теміржол логистикасына бағытталыпты. Қазақстандық тепловоздар бүгінде Қырғызстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Моңғолия, Молдова мен Украинада жүйткіп жүр. Енді зауыт халықаралық жобаларға қатысып, экспорт көлемін арттырмақ ниетте. Ол үшін локомотив жабдықтарының саудалау жоспары бар.

Рауан Дөнсебаев, Локомотив құрастыру зауытының маркетинг және сату бөлімінің басшысы:

- Былтыр 296 арбаша жібереміз деп Үндістан компаниясымен келісімшартқа қол қойдық. Былтыр Үндістанға 2024 жылы 4 данасын жібердік. Биыл 82 данасын жібереміз деп жоспарлап отырмыз. Келесі жылы 166 данасын және 2027 жылы тағы жібереміз.

Еліміздің негізгі сауда серіктестерінің қатарында Италия, Қытай, Ресей, Нидерланды, Франция мен Түркия бар. Бұл елдерге көбіне мұнай өнімдері жеткізіледі. Қара алтынның отандық экспорттағы үлесі 60 пайызды құрап отыр. Үкімет экспортты әртараптандыру мақсатында отандық өндірушілерді қолдау тетіктерін қарастырған. Қолдау шаралары QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы арқылы іске асырылады.

Әлімжан Омаров, QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы Экспорттық акселерация мен оқыту тобының бас менеджері:

- Тауарларды Африка түбегіне жеткізе бастадық. Аздаған мөлшерде болса да, Жапония, Индонезия мен Оңтүстік Шығыс Азия елдеріне экспортталып жатқан өнімдеріміз бар. Мысалы, «Династия агро» серіктестігі ай сайын Жапонияға 40-50 тонна зығыр майын жеткізеді. Жиын-терім науқаны аяқталған соң бұл көрсеткіш ұлғая түспек.

Сыртқы сауданы арттыруда жоғары технологияның да қосар үлесі мол. Бүгінде қазақстандық IT өнімдері 86 елге экспортталады. Былтыр оның жалпы құны 470 млн АҚШ долларына жеткен. Мысалы бір ғана Өзбекстандағы 300 компания қазақстандық айти қызметтеріне жүгінеді екен. Әсіресе, онлайн құжаттарға қол қою сервисі Орталық Азияда кеңінен қолданылады.

Бақыт Топтаева, Арман Ақшабаев, 24KZ