Қандастардың көбі Өзбекстан мен Қытайдан келіп жатыр .

2025 жылдың басынан бері Қазақстанға 8 051 этникалық қазақ көшіп келіп, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 156,1 мың қазақ оралған, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Көшіп келгендердің басым бөлігі – Өзбекстаннан (44,2%) және Қытайдан (43,2%). Қандастардың 59,1%-ы еңбекке қабілетті жаста, 31,8%-ы балалар, ал 9,1%-ы зейнеткерлер.

Қоныс аударушылардың 15,7%-ы жоғары білімді, 28,1%-ы кәсіби орта, 53,5%-ы жалпы орта білімді, 2,7%-ының білімі жоқ.

2025 жылға арналған квота бойынша еңбек күші тапшы өңірлерге (Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары) 2 309 адамды қабылдау жоспарланған. 1 тамызға дейін бұл аймақтарға 1 286 қандас қоныстанды.


Оқи отырыңыз: Жаңбыр, бұршақ, жел: 25 тамызда Қазақстанда ауа райы қандай болады


Қоныстанғандарға көшуге субсидия, тұрғын үй жалдау мен коммуналдық шығындарды өтеуге қаржылай қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты енгізілген. Оның аясында отбасы тұрғын үй құнының 50%-ына дейін, яғни 4,56 млн теңгеге дейін біржолғы қайтарымсыз көмек ала алады.

Жыл басынан бері 563 қандас қолдау шараларымен қамтылып, 221 адам тұрақты жұмысқа орналасты.