Қазақстанда шетелдік азаматпен некеге тұру үшін міндетті түрде АХАТ бөліміне барып , өтініш беру керек
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Қазіргі таңда Қазақстанда некеге тұру үшін құжаттарды тапсырудың екі жолы бар:
АХАТ бөліміне барып, өтініш жазу.
Бұл жағдайда қалыңдық пен күйеу жігіттің екеуі де жеке келуі қажет, әрқайсысы құжаттарды өз қолымен толтырады.
Онлайн тапсыру.
Электронды үкімет порталы (eGov) немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы өтініш беруге болады. Мұнда екі тараптың да ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңбасы) болуы қажет.
Алдымен бір тарап өтініш береді, екіншісі оны растауы тиіс. Осыдан кейін болашақ жұптар 15 күн ішінде АХАТ бөліміне барып, құжаттарға қол қоюы керек. Бұл кезеңде екі тараптың да жеке келуі міндетті. Егер біреуі келмесе, өтініш автоматты түрде жойылады.
Шетелдікпен некеге тұру кезіндегі қосымша талаптар
Павлодар қаласы АХАТ бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Инеш Маусенованың айтуынша, егер некеге тұратын азаматтардың бірі шетелдік болса, онда бірқатар қосымша құжаттар талап етіледі:
Шетелдікпен неке жалпы талаптар бойынша тіркеледі, бірақ бұл қызметті eGov арқылы рәсімдеуге болмайды.
Қалыңдық пен күйеу жігіт міндетті түрде АХАТ бөліміне келіп, жазбаша өтініш береді.
Сонымен қатар шетелдік азамат:
Өз елінің уәкілетті органынан неке қиюға қабілеттілігі туралы анықтама (яғни, қазіргі уақытта басқа некеде емес екенін растайтын құжат);
Паспортының нотариалды куәландырылған көшірмесін ұсынуы тиіс.
Егер бұрын некеде болған болса, онда сол некенің бұзылғанын немесе тоқтатылғанын растайтын құжат қажет.
Инеш Маусенованың айтуынша, шетелдіктер бұл анықтамаларды алу үшін көбіне өз елдеріне барып келеді. Дегенмен, оларды Қазақстандағы елшілік арқылы да алуға болады, бұл – той күнін жоспарлау кезінде ескерілуі тиіс маңызды фактор.
Шетелдік азаматтардың анықтамаларының берілу мерзімі – олардың өз елінің мемлекеттік органдарымен реттеледі.