Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл басынан бері қанша этникалық қазақ тарихи отанына оралғаны туралы жаңа мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері Қазақстанға 8 051 этникалық қазақ оралып, қандас мәртебесін алған. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 156,1 мың этникалық қазақ оралған.
Жыл басынан бері Қазақстанға келген қандастардың 44,2 пайызы – Өзбекстаннан, 43,2 пайызы – Қытайдан, 5 пайызы – Түрікменстаннан, 2,7 пайызы – Моңғолиядан, 2,4 пайызы – Ресейден және 2,5 пайызы – басқа елдерден.
Осы жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 59,1 пайызды, еңбекке қабілетті жастан кіші 31,8 пайызды және зейнеткерлер 9,1 пайызды құрайды.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың – 15,7 пайызы жоғары білімді, 28,1 пайызы кәсіби орта білімді, 53,5 пайызы жалпы орта білімді және 2,7 пайызының білім жоқ.
Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз