Әлеуметтік желіде Тараз қаласының тумасы, 25 жастағы Аружан есімді қыздың видеосы қызу талқыға түсті. Бір баланың анасы, күйеуі жоқ әйел жұмыссыз қалғанын, банктерге қарызын өтей алмай, амалсыздан суррогат ана болуға келісім бергенін айтады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Жұмыс жоқ. Кредитімді төлей алмай қалдым. Амалсыздан суррогат ана болуды таңдадым», – дейді ол.
Бұл оқиға қоғамда әртүрлі пікір тудырды. Бір тарап Аружанның шешімін ауыр халге түскен ананың амалсыз қадамы деп бағаласа, екінші тарап суррогат аналықты күнкөріс көзіне айналдыруды сынға алды.
Мамандардың сөзінше, соңғы жылдары елде суррогат аналыққа жүгінетіндер саны күрт көбейген. Жұмыссыздық, қарызға бату, әлеуметтік қолдаудың жеткіліксіздігі әйелдерді осындай қадамға итермелейді. Дегенмен кейбіреулер мұны – балалы бола алмай жүрген талай отбасына үміт сыйлайтын ізгі іс деп қарастырады.
Қоғамда бұл тақырыпқа қатысты пікір екіге жарылды: бірі – «қайырымдылық» десе, енді бірі – «қайғыдан туған амалсыздық» деп бағалап отыр.