Абай облысы Үржар ауданының Бестерек ауылында болған жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен үш баланың бірі Семейдегі госпитальға жетікізілді. Бұл туралы Абай облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Ведомствоның мәліметінше, зардап шеккен бала медициналық авиация арқылы аудандық ауруханадан Семей медицина университеті госпиталінің балалар бөлімшесіне жеткізілген.

"Жарақатының ауырлығына және тасымалдау кезінде өміріне қауіп төндіру ықтималдығына байланысты бірден облыс орталығына жеткізу мүмкін болмады. Үнемі бақылау мен тексерулерден кейін жағдайы әуе көлігімен тасымалдауға жарамды деп танылып, Семейге жеткізу туралы шешім қабылданды.

Семей медицина университеті госпиталінің дәрігерлері, атап айтқанда, госпиталь директорының педиатрия жөніндегі орынбасары, Абай облысының штаттан тыс бас анестезиологы Дулат Каримов және балалар травматологиясы бөлімінің меңгерушісі, облыстың штаттан тыс бас нейрохирургі Жасұлан Асетов алғашқы күннен бастап Үржар аудандық ауруханасында көмек көрсетіп, баланы облыс орталығына жеткізді", — делінген хабарламада.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері қазіргі уақытта университет госпиталінде заманауи құрылғылардың көмегімен зардап шеккен баланың жағдайы жан-жақты тексеріліп, тиісті емдеу шаралары жүргізіліп жатқанын айтты.

Ол анестезия, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде ем қабылдап жатыр.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз