Ақтөбедегі ірі сауда үйлерінің бірінде 5 жасар қыз ауыр жарақат алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оқиға бейнебақылау камерасына жазылып қалған. Кадрларда баланың айналып тұрған құрылғыға қолын тигізіп, саусағы қысылып қалғаны көрінеді. Салдарынан бүлдіршіннің бас бармағы жұлынып кеткен.

Қыз қазір облыстық көпсалалы балалар ауруханасында жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын орташа деп бағалады. Мамандардың айтуынша, жарақат алған саусақты қайта тігу мүмкін емес.

Баланың ата-анасы қауіпсіздік талаптары сақталмағанын алға тартып, полицияға жүгінді. "Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызметтерді көрсету" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Ал аттракцион жұмыс істейтін ойын-сауық орталығының өкілдері оқиғаға қатысты пікір білдіруден бас тартты. Оқиғаның мән-жайын полиция анықтап жатыр.