Президенттің тапсырмаларын орындау шеңберінде Үкімет өңірлердің алдағы жылыту маусымына дайындығын кешенді түрде тексеруді жалғастыруда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша құрамына өңірлік инспекторлар, Премьер-министрдің кеңесшілері Ермек Маржықпаев пен Ералы Тоғжанов енген үкіметтік жұмыс топтары коммуналдық нысандардың жай-күйімен және жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Ұлытау облысында Ермек Маржықпаев Жезқазған қаласының ЖЭО мен Сәтбаев қаласының жылу стансасындағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысты, сондай-ақ қалалық магистральдық жылу желілерінің құрылысы мен реконструкциясын тексерді. Бүгінгі таңда өңірде жылу желілерін жөндеу жұмыстары 66%-ға, электр желілерін жөндеу жұмыстары 74%-ға орындалған.
Ақтөбе облысында Ералы Тоғжанов Ақтөбе қаласының ЖЭО, "Батыс-2" және "Ақтөбе-сити" қазандықтарының, сондай-ақ "Aqtobe su-energy group" АҚ жүктемелеріне дайындығын тексерді. Инвестициялық бағдарламалар аясында кәсіпорындарда негізгі жабдықтар мен желілердің тозуын азайтуға мүмкіндік беретін жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда аймақтың қыс мезгіліне жалпы дайындығы 85%-ды құрайды.
Жылыту маусымына дайындық Үкіметтің ерекше бақылауында тұр.