Ақтөбеде балалар аттракционында бес жасар қыз саусағынан айырылды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қобда ауданы Жарық ауылының тұрғыны, бес жастағы Аяла сол күні бауырларымен қалаға келіп, аттракционға барған. Қасында әжесі болыпты. "Жұлдызша" әткеншегіне мінбек болған баланың қолын темір шынжыр тартып кеткен. Қайғылы жағдай болған аттракцион жұмысын жалғастырып жатыр. Кешен өкілдері пікір білдіруден бас тартты. Ата-ананың арызынан кейін полиция қылмыстық іс қозғаған, тергеу басталды. Ойын алаңындағы құрал-жабдықтардың жарамдылығын арнайы комиссия тексермек, деп хабарлайды Astana.tv.
"Қайта саусағын іліп кетті, өзін алып кетсе қайтеміз? "Баланың өзі кінәлі" деп тұра ма? Бұл — бала ғой, білмейді, ол жерді ұстамау керек екенін. Қоршап қою керек ол жерді". Зардап шеккен баланың анасы Алтын Шалабаева
Дәрігерлер ота жасады. Бүлдіршіннің жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр.
"Саусақ алып келді, қарадық саусақ механизмге қысылған, жаншылған. Жаны жоқ. Орнына тігуге келмейді. Біздер басқа маманға көрсеттік, "келмейді" деді олар да. Сондықтан орны тегістеліп қалпына келтірілді. Көмек көрсетілді. Ем алып жатыр. Қазір жағдайы қалыпты". Облыстық көпсалалы балалар ауруханасының дәрігері, травматолог Қуантай Махамбетов