Президент тапсырмаларын орындау шеңберінде Үкімет өңірлердің алдағы жылыту маусымына дайындығын кешенді түрде тексеруді жалғастырып келеді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарында үкіметтік жұмыс топтары энергетика және ТКШ нысандарын тексеруде.
Премьер-министрдің кеңесшісі Нұрлан Ұранхаев Ақмола облысының Степногорск қаласында ЖЭО жұмысымен, сондай-ақ тозуы 71%-дан асатын жылу желілерін жөндеу және реконструкциялау барысымен танысты. Жоспарланған жұмыстар жүргізілгеннен кейін тозу деңгейі 68%-ға дейін төмендейді деп күтілуде.
Ал Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов Батыс Қазақстан облысында "Жайықжылуэнерго" АҚ-ның алдағы маусымға дайындығын тексерді. Сондай-ақ Орал қаласындағы сорғы стансасы мен су қоймасының құрылысы және өңірдегі электр желілерінің реконструкциясы қалай жүріп жатқаны тексерілді. Бүгінгі таңда облыста 1410 әлеуметтік нысан және 2041 көппәтерлі тұрғын үй жылыту маусымына дайын.
Алдағы жылыту маусымына дайындық Үкіметтің ерекше бақылауында тұр.