Жетісу облысының полицейлері жедел-іздестіру шаралары барысында электронды темекі жүйелерінің заңсыз сатылымын тоқтатты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Облыстық ПД мәліметіне сүйенсек, Талдықорған қаласында бақылаулы сатып алу жүргізілді. Оның барысында “1” лақап атымен танылған азамат WhatsApp мессенджері арқылы 27 жастағы жергілікті тұрғын “2”-ден электронды темекі құрылғысын сатып алған. Тауарды жеткізуді курьер “К” жүзеге асырды.

"Операцияның әрі қарай дамуы кезінде “2”-нің жұбайы – 28 жастағы жергілікті тұрғын “3” ұсталды. Оның Toyota автокөлігінен полиция қызметкерлері 275 дана “вейп” тауып, тәркіледі. Сонымен қатар полицейлер 20 жастағы азамат “3”-ті де ұстады. Ол такси жүргізушісі ретінде бүркемеленіп, осындай тауарларды клиенттерге жеткізіп отырған". Жетісу облысы ПД баспасөз қызметі

Құқық қорғау органдары атап өткендей, темекіні тұтынудың электронды жүйелері денсаулыққа айтарлықтай зиян келтіріп, әсіресе жастар арасында тәуелділік қалыптастырады. Вейптерді заман індеті деп атап, келер ұрпақ үшін қауіпті салдар туғызатынын ескертеді.

Бұған дейін елордада 25 талапкерді алдаған жалған делдал әшкереленгенін жазғанбыз.