Атырауда 14 жастағы баласын темекі мен тамақ тауып әкелуге мәжбүрлеген отбасыға қатысты жаңа дерек белгілі болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы "Мой город" басылымына сілтеме жасап.

Басылымның жазуынша, отбасы бұрыннан бері есепте тұрған. Балалардың анасы бірнеше рет жауапкершілікке тартылған. Әйел адам алкогольге уланғаннан кейін өз бетімен жүре алмай қалған, алайда ішімдік ішуін жалғастыра берген.

2024 жылдың көктемінде кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия оны ата-ана құқығынан айыруды ұсынды. Бірақ та, тамыз айында кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот бұған "негіз жеткіліксіз" деген шешімге келген. Салдарынан балалар қайтадан анасына қайтарылған.

Жуырда бұл жайтқа бей-жай қарамаған тұрғындар ұл баланы көшеде ұйықтап жатқан жерінен суретке түсіріп алған. Осы жағдайдан кейін бұл іске ювеналды полиция араласып, ұл бала кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына, ал оның қарындасын сәбилер үйіне жіберді.

Айта кету керек, бұған дейін Атырауда ата-ана 14 жастағы баласын темекі мен тамақ тауып әкелуге мәжбүрлегенін жазған болатынбыз.