Украина басшысының кезекті үндеуі жарияланды.
Украина президенті Владимир Зеленский бейсенбі күнгі бейнеүндеуінде Мәскеудің Украина мен Ресей басшылары арасындағы кездесуден жалтарып отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW-ге сілтеме жасап.
Зеленский Ресей қарулы күштерінің Украина аумағындағы АҚШ-қа тиесілі нысанға әдейі соққы жасағанын жеткізді.
"Нәтижеге қол жеткізуге болатын екі формат бар. Бұл –көшбасшылар деңгейіндегі формат. Оның бірі – Украина мен Ресей арасындағы, екіншісі – Украина, АҚШ және Ресей қатысатын үшжақты формат. Біз бұл жөнінде Вашингтонда сөйлестік. Путин осы туралы Трамппен телефон арқылы тілдескенде де айтты. Олар кездесуді өткізу қажеттілігінен қашып отыр. Олар бұл соғысты аяқтағысы келмейді", – деді Украина басшысы.
Оның айтуынша, бұл соғысты тоқтату керек.
"Ресейге қысым жасау қажет. Путин күш пен қысымнан басқасын түсінбейді. Біз еліміз бен халқымызды қорғау үшін қолдан келгеннің бәрін жасап келеміз және одан әрі жасаймыз", – деді Владимир Зеленский.
Айта кету керек, бұған дейін Зеленский Путинмен қай жақта кездескісі келетінін айтқанын жазғанбыз. Трамп Ресей мен Украинаның келіссөзіне қатысудан бас тартты.