Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтардың ықпалдастығын жандандыруды өзекті мәселенің бірі ретінде атап өтті.
Мемлекеттер басшылары Аймақаралық форумның келесі отырысын созбай өткізуді ұйғарды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Келіссөздер барысында цифрландыру және электрондық үкімет саласындағы ынтымақтастық әлеуеті қаралып, тараптар экономика саласын цифрландыру үшін тәжірибе алмасуға және ақпараттық байланысты нығайтуға уағдаласты.
Мемлекет басшысы су-энергетика саласындағы қарым-қатынасты үйлестірудің маңыздылығын ерекше атап өтті:
– Трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану – аймақтағы тұрақтылық пен орнықты дамудың маңызды факторы. Осы бағыттағы ынтымақтастықты жалғастырып, стратегиялық жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар мәдени-гуманитарлық байланыстарға да баса назар аударылды. Былтыр Астанада Айкөл Манастың ескерткіші ашылса, бүгін Бішкекте "Достықтың алтын көпірі" ескерткіші бой көтерді. Қырғызстандағы жастарға арналған гранттар саны 50-ден 60-қа көбейеді. Бішкекте Қазақстанның кино күндері мен Үшінші жастар форумы өтіп жатыр.
Туризм және спорт саласындағы ынтымақтастық та күн тәртібінде болды. Келесі жылы Қырғызстанда өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Қазақстан тарапынан қолдау көрсетілетіні айтылды.