31 тамыз – 1 қыркүйек күндері Тяньцзинь қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтеді. Бұл ұйым тарихындағы ең ауқымды іс-шара болмақ, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Бейжіңнен.

ҚХР СІМ өкілі Лю Биньнің айтуынша, саммиттің күн тәртібінде қауіпсіздік, тұрақты даму және халықаралық байланыстарды нығайту мәселелері қаралады.

Саммит қорытындысы бойынша "Тяньцзинь декларациясы" қабылданып, 2035 жылға дейінгі ШЫҰ даму стратегиясы бекітіледі. Құжаттар сыртқы істер министрлері деңгейінде алдын ала келісілген. Бағдарламада Си Цзиньпиннің атынан ресми қабылдау және мемлекет басшыларының екіжақты кездесулері жоспарланған.

Дипломаттың дерегінше, Қытайдың 2024–2025 жылдардағы төрағалығы кезінде ШЫҰ саяси, экономикалық және гуманитарлық бағыттар бойынша жүзден астам іс-шара өткізген. ҚХР СІМ бұл ұйымды ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне шығарғанын атап өтті.

Қазіргі таңда ШЫҰ-ға 26 мемлекет кіреді: 10 мүше ел, 2 бақылаушы мемлекет және 14 серіктес ел. Бұл ұйымды үш құрлықты қамтитын ең ірі өңірлік ынтымақтастық алаңына айналдырып отыр.

"Шанхай рухы" – қақтығыстан және «қырғи-қабақ соғыстан» бас тарту, сенім мен өзара дамуға сүйену – бүгінгі жаһандық тұрақсыздықта да өзекті мәнге ие. Ұйым халықаралық тұрақтылықты нығайтуға әрі қарай да қызмет етеді, – деді Лю Бинь.