Кәрім Мәсімовтен тәркіленген үйге ұқсас үй зерттелгеннен кейін әлеуметтік нысанға айналмайтын болды. Бұл туралы Астана қаласы Білім басқармасы өкілдері айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Астана қаласы білім басқармасының баспасөз қызметіндегілер NUR.KZ тілшісіне Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы "Кәрім Мәсімовтен тәркіленген үйге ұқсас үй әлеуметтік нысанға айнала ма?" деген сауалға түпкілікті жауап қайтарды.
"Астана қаласының Білім басқармасы нысанды қосымша зерттеу барысында оның санитарлық нормаларға және әлеуметтік нысанға қойылатын талаптарға сәйкес келмейтінін анықтады.
Осыған байланысты білім беру ұйымдарын осында көшіру үшін аталған нысанды коммуналдық меншікке қабылдау қарастырылмаған", — делінген жауапта.
Айта кетейік, сәуірде Астанадағы бұл үй мемлекет меншігіне өтуі мүмкін деген ақпарат тараған еді.
Мамырда қайтарылған активтер бойынша компания басшысы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтен тәркіленген болуы мүмкін үйді әлеуметтік нысанға айналдыруға болатынын хабарлаған.
Бірақ бір айдан кейін Астана әкімдігі үйді өз балансына қабылдау жоспарда жоқ екенін хабарлады. Бұған дейін бұл мүлікті бұрын аукционда сатуға әрекет жасалғанын, бірақ сатып алғысы келетіндер табылмағанын жазғанбыз.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз