Жаңа ережелерді қамтитын жарлық көпшілікке жария болды.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев 20 мың кәсіпкерге салық амнистиясын жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, 20 мың кәсіпкерге жүргізілген тексеріс нәтижесінде 16 трлн сум көлемінде қателіктер мен заңбұзушылықтар анықталған. Бұл бизнес иелерінің тұрақтылық рейтингтеріне кері әсерін тигізген.
"Біз бүгін амнистия жариялаймыз, осы тексерулер негізінде айыппұлдар салынбайды. 1 қарашаға дейін кәсіпкерлерге барлық қателіктер мен кемшіліктерді өз еркімен дұрыстау мүмкіндігін береміз. 1 қарашадан бастап кәсіпкерлердің рейтингі "таза парақтан" басталады", – деді Шавкат Мирзиёев.
Тағы бір жаңашылдық ретінде пайда салығы бойынша аванстық төлемдер шегінің көтерілуін айтуға болады. Бұған дейін тиісті талап айналымы 10 млрд сумнан асатын компанияларға ғана қолданылса, енді бұл ереже 20 млрд сумнан асатын кәсіпорындарға ғана қатысты болмақ.
Өзбекстан басшысының сөзінше, нәтижесінде 14 мыңға жуық кәсіпкер шамамен 1 трлн сум көлеміндегі айналым қаражатын өздерінде қалдырады.
Қосылған құн салығының мөлшерлемесі 12%-ға дейін төмендеген. Қазір бұл режимді қолданатын кәсіпкерлер саны ұлғайып келеді. Көрші ел үкіметі ҚҚС режиміне өтуді ынталандыру үшін бірнеше жеңілдікті енгізіп жатыр. Жаңа шаралардың тізімі жарлықта көрсетілген.