Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Ата-аналар базар мен дүкендерде табан тоздырып, балаларын 1 қыркүйекке дайындау үстінде, деп хабарлайды Алматы телеарнасы.
Телеарнаның Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сілтеме жасап хабарлауынша, биыл мектеп формасының құны 9,8 пайызға өскен. Ал аяқ киімдердің бағасы 13,6 пайызға дейін көтерілген. Былтыр бір туфлидің бағасы орташа есеппен 15 мың теңге болса, биыл 17 мың теңгеге сатып аласыз. Қымбатшылық кеңсе тауарларын да айналып өтпеген. Алайда өсім көп емес, бар болғаны 2,9 пайыз өскен.
Телеарна тілшісі мектепке ең қажет деген заттардың бағасын екі санатқа – онлайн мен офлайн саудаға бөліп қарастырған.
Сәйкесінше, қыз балалар киетін жейде, белдемше, сарафан, шалбар, спорт формасы секілді тауарларды ірі сауда желілерінен немесе базардан қарастырғанда 112 мың теңгенің төңірегінде қаражат жұмсалады. Дәл осы тауарларды маркетплейстерден онлайн тапсырыс бергенде 122,6 мың теңгеге шығады. Сонымен қатар құны 11 мың теңгенің айналасындағы ортопедиялық арқалығы бар мектеп сөмкесі де отбасылық бюджетке салмақ түсіреді. Ал ұлдарға қыздарға қарағанда көбірек қаражат кетеді дейді телеарна тілшісі. Мәселен балаңызбен дүкенге немесе базарға барсаңыз, киім-кешегі мен қажет жабдықтарына 120 мың теңгедей жұмсауға тура келеді. Ал маркетплейстерде 143 мыңнан асып кетеді.
Осылайша, телеарна мәліметіне қарағанда, мектепке дайындыққа кететін жалпы шығын көлемі 112 мың мен 143 мың теңге болып отыр.
Алайда бұл шекті сома емес. 2-3 перзенті бар отбасылар одан да көп шығындалатыны айтпаса да белгілі. Ал алматылық ата-аналар бір балаға орта есеппен 200 мың теңге жұмсағанын айтуда.
"Енді 11 сынып қой деп, 50 мың теңгеге костюм шалбар алдым. Үш баламның екеуіне 200 мың теңге, үлкен ұлға 200 мың, 400 мың теңге жұмсадым", — дейді Алматы тұрғыны.
Ата-аналардың сөзінше, ақшаны аяқ киімге көп жұмсаған.
Тағы бір ата-ана бір балаға шамамен 90 мың теңге кеткенін айтады.
"Ол сомаға кеңсе тауарлары кірмейді", — дейді ол.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз