Қырғызстанның Ош қаласында Қазақстанның Бас консулдығының ашылды, деп хабарлайды еліміздің Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның мәліметінше, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз Республикасына ресми сапары қарсаңында Ош қаласында Қазақстан Бас консулдығының ашылу рәсімі өткен.
Іс-шараға Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев, Қырғызстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Асеин Исаев, Қырғызстан президентінің Ош облысындағы өкілетті өкілі Эльчибек Джантаев, Ош қаласының мэрі Женишбек Токторбаев, сондай-ақ қырғыз қоғамының және іскер топтарының өкілдері қатысқан.
Ермұхамбет Қоныспаевтың айтуынша, аталған өңірде Қазақстанның Бас консулдығының ашылуы – екі ел арасындағы тату көршілік пен бауырластық қатынастардың берік әрі мызғымас сипатын айқындайтын ерекше маңызды оқиға.
"Қазақстан мен Қырғызстан – көршілер ғана емес, ортақ құндылықтар мен Орталық Азиядағы бейбітшілік, тұрақтылық пен өркендеуге ұмтылыс біріктірген ең жақын серіктестер және одақтастар. Бүгінде қазақ-қырғыз ынтымақтастығы жан-жақты өзара іс-қимылдың жоғары қарқынымен сипатталады. Мемлекет басшыларымыздың саяси ерік-жігерінің және жоғары әрі биік деңгейдегі тұрақты байланыстардың арқасында екі ел арасында мемлекетаралық өзара іс-қимылдың үлгілі моделі қалыптасты", — деді ол.
Сондай-ақ жиында ұлы қазақ ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай Ош қаласындағы көшелердің біріне оның есімі берілетіні белгілі болды. Бұл туралы Ош қаласының мэрі Женишбек Токторбаев жеткізді.
Айта кетейік, Ош қаласындағы Қазақстанның Бас консулдығының консулдық округіне Ош, Жалал-Абад және Баткен облыстары кіреді. Аталған өңірлерде шамамен 3 мыңға жуық Қазақстан азаматы тұрады.
500 мыңға жуық халқы бар Ош қаласы – Қырғызстанның оңтүстік өңірінде әкімшілік, экономикалық және мәдени орталық ретінде маңызды рөл атқаратын елдің екінші ірі қаласы.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз