Абайдың 180 жылдығына орай 63 жастағы зейнеткер Сланбек Досыбаев Астанадан Семейге жол талғамайтын жүрдек көлікпен емес, қазақы ұғымға шайтанарба атауымен сіңген қос дөңгелекті велосипедпен жетті.
Қарулы күштердің полковник шеніндегі ардагері Сланбек Досыбаев осы күні Байқоңыр ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының белсенді мүшесі. Зейнет жасына шықса да, Абайдың қарасөздері мен Мұхтар Әуезовтің шығармаларын жастармен бірге талдап, әлі де «шәкірттік» өмірін жалғастырып келеді.
«Шілденің 31-і күні елордадан «Қайдасың, Қарауылтөбе?» деп жолға шықтым. Арқа даласының самалы бетке ұрып, таңғы салқынмен шыққан сапар оңай болған жоқ. Күн ыстық, кейде жел қарсы соғады, кейде жаңбыр жауып, жолды ауырлатады. Бірақ тоқтамадым. Жолда дәм-тұзын ұсынған жомарт жандардың қонақжайлығын көрдім. Бесқарағайда мешіт имамы қарсы алып, қонақ қылды. Павлодарда Мәшһүр Жүсіп мешітінде болдым. Қасқабұлақтағы жайсаң жігіттер қойын сойып, дастарқан жайып күтіп алды. Сол күні Айбар Еркін деген бауырымызбен таныстым. Ол да Қытайдан велосипедпен 2600 шақырым жолды артқа тастап келіп отыр екен. Осылайша, жеті күн өткенде 6 тамызда Семейге жеттім», дейді ол.
Ойлы-қырлы, төбе-адыры көп дала жолымен жалғыз жортқан жолаушы бұл сапарды жай ғана саяхат деп санамайды.
«Алыс жолға көлікпен қалай тез жетсең, дәл солай әсері де тез ұмытылады. Ал мен бұл сапарға екі ай бұрын дайындалып, хакімнің өлеңдері мен қарасөздерін, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын толық оқып шықтым. Мінеки, осылайша жеті күндік сапар барысында шығармаларды ойша қорытып, сондағы тарихи жерлерді көріп, бөлек әсер алдым», дейді Сланбек Досыбаев.