Түнде бетперде киген белгісіз адам автокөліктің әйнегін сындырып, жүргізушіні сыртқа сүйреп шығарып, бейсбол таяғымен қан-жоса болғанша ұрып тастаған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қанды оқиға Ақтөбеде көпқабатты үйдің ауласында болған.

Бейнежазбада бетін бүркеген ер адамның көлікке жақындап, жүргізуші жағындағы әйнекті сындырғаны көрінеді. Содан кейін ол жүргізушіні сыртқа шығарып, ұра бастайды.

Қанға бөккен жәбірленуші кіреберіс алдында қалып қойған. Ал шабуыл жасаған адам қашып кеткен.

Көршілері жедел жәрдем шақырып, алғашқы көмек көрсетуге тырысқан. Ер адам ауруханаға жеткізілді.

Қақтығыстың себебі әзірге белгісіз.

Полиция департаментінде күдіктінің ұсталғаны хабарланды.

Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті анықталып, ұсталды. Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы анықталады. Жәбірленуші медициналық мекемеде жатыр. Өзге ақпарат жариялануға жатпайды, – деді Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Саркұлов.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы зардап шегушінің тәулік бойы дәрігерлердің бақылауында екенін және қажетті ем алып жатқанын мәлімдеді. Ведомство пациенттің қауіпсіздігіне байланысты басқа деректерді жария етпеді.