Бұл ақпаратты Bloomberg таратты .

Bloomberg дерегінше, Indian Oil Corp. және Bharat Petroleum Corp. компаниялары ресейлік Urals маркалы мұнайының жаңа партиясын сатып алған, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Кезекті жеткізілім осы жылдың қыркүйек-қазан айларына жоспарланып отыр.

Осыған дейін АҚШ-тың ескертуінен кейін Үндістандағы мемлекеттік мұнай өңдеу зауыттары Мәскеуден мұнай алуды уақытша тоқтатқан болатын. Себебі 2 тамызда АҚШ президенті Дональд Трамп Нью-Делидің Ресейден мұнай импортын доғаратынын мәлімдеп, егер талап орындалмаса, Үндістанға қарсы кедендік баж салығы енгізілетінін ескертті.

2021-2024 жылдары Үндістан Ресейден мұнай импортын 0,1 млн баррельден 1,9 млн баррельге дейін арттырды. Қытай да тасымалды 50%-ға көбейтіп, күніне 2,4 млн баррельге жеткізді.

Мәскеу соғыс басталғаннан кейін мұнайды елеулі жеңілдікпен сатқандықтан, Үндістан 33 млрд доллар үнемдеген. Үндістан бұл саясатты энергетикалық қауіпсіздіктің басты құралы деп санайды. Ал Қытай 2022 жылдан бері Ресейдің ең ірі мұнай сатып алушысы болып келеді.

6 тамызда Трамп Үндістаннан келетін бірқатар тауарларға 25% қосымша кедендік баж енгізетінін жариялады. Бұл шешім Үндістанның мұнай шығындарын шамамен 11 млрд долларға арттыруы мүмкін. Сонымен қатар, екінші деңгейлі санкциялар жарияланса, Үндістанның банктері мен мұнай өңдеу зауыттары АҚШ қаржы жүйесіне қолжетімділігінен айырылуы ықтимал.

Ал сарапшылардың болжамынша, Үндістан қысымға байланысты сатып алуды біртіндеп қысқартуы мүмкін, бірақ ресейлік мұнайдан толық бас тартуы екіталай.