Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясы фракциясының мүшесі Ержан Бейсенбаев Шымкент қаласында «Авангард» шыны зауытында болды, деп хабарлайды Egemen.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Авангард зауыты» серіктестігі – еліміздегі табақ шыныны өңдеу және шыны пакеттер өндіру саласындағы жетекші кәсіпорынның бірі. Зауыт кәсіпорын еуропалық жабдықтармен жабдықталған және құрылыс пен өнеркәсіпке арналған жоғары сапалы өнімдер шығарады. Олар жарық өткізу қабілеті жоғары, соққыға төзімді әрі халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді.
Ержан Бейсенбаев зауыттың тыныс-тіршілігімен танысып, өндіріс басшылығымен және қызметкерлерімен әңгімелесіп, өзекті мәселелерді талқылады.
Сапалы өнім шығарумен қатар кәсіпорын бірқатар қиындықтарға да тап болып отыр. Әсіресе, электр энергиясының тарифының қымбаттығы, экспортқа шығару кезінде тауарларды шекарада өткізу пунктері көп ұстап қалу мәселелері бар екені айтылды.
Мәжіліс депутаты зауыт басшылығы көтерген мәселелерді мұқият тыңдап, оларды құзырлы мемлекеттік органдармен бірге қарастыратынын айтты.
«Электр энергиясы тарифінің қымбаттауы, станоктарды сатып алғанда оны шығын ретінде көрсете алмау және соған да қосымша құн салығын төлеу, сондай-ақ экспортқа шығару кезінде шекарада өнімнің көп ұсталып қалуы – бұл кәсіпорын үшін елеулі қиындықтар. Оларды шешу үшін құзырлы органдармен бірге сіздерге көмектесуге тырысамыз. Сонымен қатар, зауытқа жастарды көбірек тарту да маңызды. Менің басты мақсатым – өңірдегі кәсіпкерлердің мәселесін көріп, ұсыныстарын тыңдап, Мәжіліс деңгейінде қарастыру», деді Е.Бейсенбаев.