Жантүршігерлік жайтқа отбасылық жанжал себеп болса керек .

Қайғылы оқиғаның Думан ықшамауданында болғаны туралы деректер бар, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

40 жастағы ер адам 38 жастағы келіншегін пышақтап өлтіріп, артынша Алматы облысындағы туыстарымен кездескеннен кейін өз-өзіне қол жұмсаған. Әйелдің денесін қаладағы пәтерлердің бірінен оның туысы тауып алған.

Қанды оқиға жайлы ақпарат ең әуелі әлеуметтік желіде кеңінен тарады.

Аталған деректі Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі растап, оқиға туралы мәлімет берді.

– Кісі өлтіру фактісі бойынша Медеу аудандық полиция басқармасына қарасты полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қылмыс отбасылық жанжал салдарынан болған. Ер адам әйелімен жанжалдасып, оған пышақ жарақатын салған. Кейін өзіне қол жұмсаған, – делінген хабарламада.

Осы кезде оқиғаның басқа да мән-жайы анықталып жатыр.

Бұған дейін inbusiness.kz тілшісі Ақтөбеде келіншегін ұрып өлтірген адамның 8 жылға сотталғанын жазған болатын.