Қай өңірде жағдай ушығып тұрғаны белгілі болды.
Қазақстанда қатерлі ісіктерге шалдығу жағдайы артып келеді. Әсіресе қала тұрғындарында көбірек байқалуда. Ал ауылдық елді мекендерде керісінше, азайып отыр, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Energyprom.kz-ке сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша қалаларда қатерлі ісікке шалдығу көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 239,2 болды, бір жыл бұрын — 230. Республика бойынша орташа деңгейден айтарлықтай жоғары көрсеткіш бірнеше өңір қалаларында, соның ішінде экологиялық тұрғыдан қолайсыз аймақтарда тіркелген: Шығыс Қазақстан облысында — 349,4, Қарағанды облысында — 353,5, Абай облысында — 302,4, Қостанай облысында — 352,7.
«Ауылдардағы жағдай мынадай: былтыр шағын елді мекендерде онкологиялық аурушаңдық 100 мың адамға шаққанда 147,1 болды (2023 жылы — 173,8). Бұл ауылдық жерлердегі орташа көрсеткіштен екі есеге жуық жоғары. Әсіресе Шығыс Қазақстан (355,2) және Ақмола (306,2) облыстарының ауылдарында онкологиялық аурулар көп тіркелген», — делінген зерттеуде.
Өткен жылы Қазақстандағы жалпы онкологиялық науқастар саны 230,9 мың адамды құрады. Бір жылдың ішінде бұл көрсеткіш 12,8 мыңға немесе 5,8%-ға өсті.
Абсолюттік көрсеткіш бойынша «антилидер» Алматы. Мұнда 34,2 мың онкологиялық науқас есепте тұр. Дегенмен, Оңтүстік астананың бірінші орынға шығуын елдегі ең көп халық саны бар қала ретіндегі ерекшелікпен түсіндіруге болады. Себебі 100 мың адамға шаққандағы онкологиялық ауру Алматыда елдік орташа деңгейден сәл төмен.
Онкологиялық науқастардың ең көп саны бойынша екінші орында — Қарағанды облысы (21,4 мың адам), үшінші орында — Астана (16,8 мың адам).
