Сенат жанындағы Сарапшылар клубының мүшелері мен «Талдау мектебінің» түлектері Абай және Павлодар облыстарының жастарына арналған бірқатар дәрістер өткізді. Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған бұл бастама — Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қолдауымен жүзеге асқан алғашқы жоба болды .
«Сенат — өңірлердің мүдделерін қорғайтын ең жоғарғы өкілдік орган. Осыған байланысты Сенат Спикері өңірлермен жүйелі өзара іс-қимылға және олардың бастамаларын қолдауға айрықша назар аударады. Мәулен Әшімбаев Палата сарапшылық қауымдастығының әлеуетін тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті. Осы міндет аясында біз жастарға арналған дәрістер сериясынан тұратын жобаны іске қостық», — деді Сенат Төрағасы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Жасұланбек Майлыбай.
Сарапшылар жастардың дүниетанымын кеңейтіп, тұлғалық дамуына ықпал ететін бірнеше бағыт бойынша сөз сөйледі. Тақырыптар қатарында кәсіби дағдыларды дамыту, жасанды интеллектіні пайдалану, менталдық денсаулық, кәсіпкерлік және басқа да өзекті мәселелер болды. Қатысушылар мұндай кездесулерді тұрақты өткізу қажеттігін атап өтті. Дәрістер қорытындысында ең белсенді тыңдаушыларға кітаптар сыйға тартылды.
Кездесулер Павлодарда және Семейде өтіп, кейін Абайдың кіндік қаны тамған жері — Қарауыл ауылында жалғасын тапты. Мұнда дәрістер негізінен волонтёрлерге, мектеп оқушыларына және ұстаздарға арналды. Сондай-ақ сарапшылар тарихи-мәдени орын — Жидебайға барып, Абай рухына тағзым етті.
Айта кетейік, Сенат жанындағы Сарапшылар клубы мен «Талдау мектебі» жобасы — тек пікірталас алаңы ғана емес, сонымен бірге кәсіби мамандар қауымдастығы. Қазіргі таңда олардың құрамында 320-дан астам қатысушы бар. Олардың қатарында сарапшылар, ғалымдар, мемлекеттік қызметшілер, халықаралық ұйымдардың, квазимемлекеттік және азаматтық сектордың өкілдері бар. Алдағы уақытта олар еліміздің басқа да өңірлерінде жұмыстарын жалғастырып, білімдері мен тәжірибелерін бөлісуді жоспарлап отыр.