ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бүгін, 2025 жылғы 21 тамызда қазақстандықтарға мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша төленетін жәрдемақы мөлшерін атады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ведомство ақпаратынша, жыл басынан бері мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды (МӘЖ) төлеуге республикалық бюджеттен 381,9 млрд теңге жұмсалды. Бұған қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 52,3 млрд теңге сомасына әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылды.

2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша МӘЖ алушылар саны шамамен 542,8 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша – шамамен 184,7 мың адамды құрады.

2025 жылы жалпы аурудан мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері құрайды:

  • 1-топ үшін – 101 702 теңгені,
  • 2-топ үшін – 81 362 теңгені,
  • 3-топ үшін – 55 474 теңгені.

1 тамыздағы жағдай бойынша:

  • еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 71 082 теңгені,
  • асыраушысынан айырылу бойынша – 73 378 теңге.

Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған "Республикалық бюджет туралы" заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.

Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне және ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты болады.

Бұдан басқа, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылады. Мәселен, 2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 95,7 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем, ал 65,4 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алды.

Төлемдердің мөлшері жеке және мыналарға байланысты:

  • соңғы 2 жылдағы МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс,
  • еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттері,
  • асырауындағы адамдар саны,
  • міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты ауыстыру.

Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін ұқсас жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады.

Бұған дейін алматылық әйелдің алаяқтардың арбауына түсіп, 32 миллион теңгесінен айрылып қала жаздағанын жазғанбыз.