«Астана Опера» театрының өнерпаздары Қытайда өткен балет әртістерінің бірінші халықаралық байқауынан жеңіспен оралды. Әсіресе жетекші солист Диас Құрманғазы «Үздік орындау» аталымында топ жарса, жас хореограф Сұлтанбек Ғұмар «Үздік хореография» аталымында жүлдегер атанды.
Бұл байқауға 10 елден 400-ден астам өнерпаз қатысқан. Олардың өнерін әлемге танымал Сяо Сухуа (Қытай), Вивиана Дуранте (Италия), Мануэль Легри (Франция), Патрик де Бана (Германия), Владимир Малахов (Ресей), Эльдар Алиев (Әзербайжан) секілді балет майталмандары сарапқа салған.
Айталық, Шэньян сахнасында Диас Құрманғазы өнердегі серіктесі Камила Шахмановамен бірге П.Чайковскийдің «Щелкунчик», Р.Дригоның «Талисман» балеттерінен үзінді қойды. Сондай-ақ Сұлтанбек Ғұмардың қойылымындағы «Аңсау» нөмірін орындады. Соңғы қойылым бағдарламаның көркі болды. Себебі қазылар алқасы қойылымдағы пластикалық шешімдердің бірегейлігін жоғары бағалаған.
Жас хореограф Сұлтанбек Ғұмар мұндай қойылымды қою туралы ұсыныс әріптестері – Диас Құрманғазы мен Камила Шахмановадан түскенін айтты.
– Олардың ұсынысын бірден қабыл алдым. Содан үшеуміз қызу жұмысқа кірістік. Бес күн ішінде «Аңсау» деп аталған жаңа нөмірді жасап шықтық. Оның музыкалық негізі «ХасСақ» этно-фольклорлық тобының аттас композициясы болды. Қойылымға осы әуен зор серпін берді. Бұл музыканы алғаш естігенде қатты ұнатып, оған міндетті түрде би қоюым керек деп ойладым. Енді, міне, сол ойымызды сахнада жүзеге асырдық, – деді ол.
Байқауда қазылар алқасының мүшелері хореографиялық қойылымның ұлттық бояуымен бірге «ХасСақ» музыкасының өзгеше саздылығына тәнті болған. Сонымен қатар Сұлтанбек Ғұмар осы өнер бәйгесіне қатысуға қолдау көрсеткен Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Астана Опера» басшылығына, балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратоваға ризашылығын білдірді.