Күн — елдің тынысы
Бөлімдер
Жаршы

Атырауда балаларының көзінше әйелін өлтірген ер адам ұсталды

Атырауда әйелін өлтірді деген күдікпен 41 жастағы ер адам қамауға алынды.

Оқиға 19 тамызда көпқабатты үйлердің бірінде болған. Ер адам 40 жастағы әйелін екі баласының көзінше ұрып-соғып, өлтірген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты “Ақ Жайық” басылымына сілтеме жасап.

Қайғылы жайтты көпшілікке Threads қолданушысы mair_saduakhas хабарлаған. Ол қаза тапқан әйелдің өзінің бөлесі екенін айтып, адамдардан бей-жай қалмауды өтінген. Майра басылымға қаза тапқан әйелдің есімі Ләззат екенін айтқан. Ол күйеуімен 14 жыл отасқан. Үлкен қызы күзде 6-сыныпқа, ал кіші қызы – 2-сыныпқа барады.

– Қыздары үшін бүкіл әлем анасы еді. Бірақ соңғы 5 жылда оның өмірі тозаққа айналды. Күйеуі Тимур жиі ішіп, үнемі әйелін соққыға жығатын. Ол балалары үшін шыдап, тіс жармайтын, шағымданбады. Соңғы 3 жыл Ләззат жұмыс істемей, отбасына, қыздарына арнады. Бүгін таңертең өмірден өтті. Қорған болуы тиіс күйеуі оның өмірін қиды. Екі қыз анасыз қалды, – дейді Майра Садуақасова әпкесін еске алып.

Марқұмның сіңлісі қазір кәмелетке толмаған 2 қызды интернатқа алып кеткенін жеткізді.

– Осы факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 3-тармағы (“өлімге әкеп соқтырған денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру”) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, қамауға алынды. Кешенді тергеу әрекеттері басталды”, – деп хабарлады Атырау облысының полиция департаменті.