ҚР Ұлттық Банкі бүгін, 2025 жылы 20 тамызда ескерту жасап, ел азаматтарына маңызды ақпаратпен жүгінді, деп хабарлайды Zakon.kz.
ҚР Ұлттық Банкі кибершабуыл мен алаяқтық қауіп-қатердің залалын сейілту үшін түрлі онлайн-сервистерді (банктік және мобильді қосымшалар, маркетплейстер және т.б.) қолдану кезінде азаматтарға дербес деректерді қорғау шараларын күшейту қажет екенін ескертеді.
"Қаскөйлер логиндерді, пароль мен банк картасының деректемелерін қолға түсіру үшін: фишингтік хабарлама, қауіпті сілтеме, жалған сайт пен QR-код сияқты әртүрлі айла-шараға барады. Сосын ол деректерді банк шоттарына заңсыз қол жеткізуге, кредит ресімдеуге және карта шығаруға қолданылады". ҚР Ұлттық Банктің баспасөз қызметі
Алаяқтар азаматтардың жеке және биометриялық деректерін жинау үшін адамдарды түрлі ұтыс ойындарына, конкурсқа немесе сауалнамаға қатысуға шақырады.
"Ұрланған деректер, оның ішінде фото, бейне және аудио жазбалар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде нейрожелінің көмегімен жалған аккаунттар ашу үшін қолданылады. Сосын сол аккаунттар арқылы қарызға ақша сұрау немесе "қауіпсіз шотқа" ақша аудару сияқты өтінішпен хабармалар жіберіледі". ҚР Ұлттық Банктің баспасөз қызметі
Сондай-ақ, қаскөйлер өзін ҚР Ұлттық Банкінің, қаржы және медицина ұйымдарының, пошта және коммуналдық қызметтердің немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырады.
"Осындай сұратулардың растығын арттыру үшін алаяқтар жалған телефон нөмірін немесе қолдан жасалған құжаттарды пайдаланады". ҚР Ұлттық Банктің баспасөз қызметі
Ұлттық Банк дербес деректерді қорғау амалдарын күшейту үшін азаматтарды киберқауіпсіздіктің базалық ережелерін сақтай отырып:
- банк картасының деректемелері мен құпиясөзді үшінші тұлғаларға бермеуге;
- Интернет желісінде жеке және қаржыға қатысты ақпаратты жарияламауға;
- әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде құпиялылық параметрлерін тексеруге, күрделі құпиясөздер мен қос факторлы аутентификацияны пайдалануға, вирусқа қарсы бағдарламаларды орнатуға;
- күдікті сілтемелерге өтпеуге және банктерден немесе мемлекеттік порталдардан түскен SMS-кодты үшінші тұлғаларға хабарламауға шақырады.
"Егер сіз дербес деректеріңіздің заңсыз жиналғанын және пайдаланылғанын анықтасаңыз, уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне хабарлауға болады. Алаяқтық әрекетке тап болған жағдайда Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына тиісті өтінішпен жүгінуге кеңес береміз. Консультация алу үшін Қазақстан Ұлттық Банкінің байланыс орталығына 1477 қысқа нөмірі арқылы хабарласуға болады". ҚР Ұлттық Банктің баспасөз қызметі
Бұған дейін қаржы саласындағы тағы бір алаяқтыққа қатысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ескерту жасаған болатын.