Абай облысы Үржар ауданынан жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен екі баланы Астанаға жеткізу үшін Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының (ҰШМҮО) санитарлық авиация борты ұшып шықты.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, балалар елордадағы №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасына жеткізіліп, осында госпитализацияланады.
«Бортта балалар ҰШМҮО реаниматологы Е.Шақанның, №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасының травматологы Н. Жақыповтың және Ұлттық нейрохирургия орталығының нейрохирургы С. Сейітбекованың назарында. Оқиға орнынан кейін бірден аудандық ауруханада облыстық және республикалық деңгейдегі мамандардан құралған мультидисциплинарлық бригада зардап шеккендерді толық диагностикалық тексеруден өткізіп, жағдайын бағалап, ота жасау жоспарын жасады», – делінген ведомство хабарламасында.
Айта кетсек, тоғыз жастағы қыз баланың жағдайы тұрақсыз болғандықтан, оны стационарда қалдырған. Ол Абай облысының штаттан тыс бас анестезиолог-реаниматологы Д. Каримовтың бақылауында.