Заң үстемдігі мен адам құқығын қорғау – мемлекеттіліктің басты негізі. Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілгендей, әрбір азаматтың, соның ішінде әйел мен баланың өмір сүру, қауіпсіздік пен әлеуметтік қолдауға ие болу құқығы – мемлекет қорғауындағы ең маңызды құндылықтардың бірі. Осы бағыттағы жүйелі шаралар Түркістан облысында да пәрменді түрде жүзеге асырылып келеді. Өңірлік полиция құрылымдары мен әлеуметтік сала мамандарының тығыз өзара әрекеттестігі нәтижесінде қоғамдағы ең әлсіз топтардың бірі саналатын өмірлік қиын жағдайға тап болған аналар мен балаларға нақты көмек көрсетілуде.
Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері аудан көлеміндегі есепте тұрған, тұрмыстық қиындықтарға душар болған отбасыларды аралап, олардың өмір сүру жағдайларымен танысты. Бұл бастама — баланың қауіпсіз ортада тәрбиеленуін қамтамасыз ету, ана құқығының аяқасты болмауын қадағалау және құқық бұзушылықтың алдын алу сияқты негізгі мақсаттарды көздейді. Мұндай отбасылардың тұрмыс-тіршілігімен жеке танысқан тәртіп сақшылары әрбір азаматпен ашық әңгіме жүргізіп, қажет болған жағдайда әлеуметтік және құқықтық кеңес берді.
Аталған жұмысқа аудандық полиция бөлімінің отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының аға инспекторы А. Әшірбай мен учаскелік инспекторлар Е. Тұрсынбай және Н. Жартаев тікелей қатысты. Сонымен қатар «Отбасын қолдау» орталығының мамандары мен ауылдық округтердегі мобильдік топ өкілдері де осы мақсаттағы рейдке атсалысты. Бұл бағыттағы әрекеттер тек профилактикалық сипатта ғана емес, нақты көмек көрсетуге де негізделген. Тұрмысы төмен отбасыларда тұратын балаларды жаңа оқу жылына дайындауға қолдау көрсету, жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту, құжаттарын заңдастыруға көмектесу – осы іс-шаралар шеңберіндегі маңызды басымдықтар қатарында.
Әрбір отбасы мүшесінің мәселесі жекелей қаралды. Мәселен, құжаттары реттелмеген немесе жұмыс таба алмай жүрген аналарға бос жұмыс орындары туралы ақпарат ұсынылып, кейбіреулері жұмыспен қамту орталығына жолданды. Балалардың білім алуға толыққанды қатысуын қамтамасыз ету мақсатында мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен киім-кешекке мұқтаж отбасыларға жергілікті демеушілер мен мемлекеттік қолдау арқылы көмек көрсетудің жолдары қарастырылды. Бұл жұмыстардың басты мәні – балалардың қауіпсіздігі мен аналардың құқығын шынайы қорғауда жатыр.
Осыған ұқсас бастама Бәйдібек ауданында да жалғасын тапты. Мұнда аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі құрамындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының аға инспекторы, полиция майоры А. Утебаева Отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысына қатысты. Жиын барысында нәзік жандылардың құқығын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтық сауаттылығын арттыру бағытындағы атқарылып жатқан шаралар кеңінен таныстырылды.
Сонымен қатар, «Мансап орталығы» тарапынан әйелдер арасындағы жұмыссыздықты азайту, оларды қайта даярлау курстарына тарту және жаңа кәсіпке бейімдеу арқылы жұмыспен қамту мәселелері жан-жақты сөз болды. Бұл — отбасындағы әлеуметтік ахуалды жақсартуға бағытталған нақты әрекеттердің бірі.
Аудан көлемінде тіркелген тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері мен оның алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар да осы жиында ашық баяндалды. Арнайы құрылған ведомствоаралық комиссия мүшелері отбасылық тұрақтылықты сақтау үшін барлық мүдделі тараптардың бірлесе жұмыс істеу қажеттігін тағы да атап өтті. Көптеген жағдайда нәзік жандылар мен балаларға қатысты құқықбұзушылық деректерінің уақытылы анықталуы мен жедел әрекет ету – полиция органдарының жауапкершілігі жоғары жұмысының нәтижесі.
Осындай кешенді және үйлесімді іс-шаралардың нәтижесінде Түркістан облысында отбасындағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларды әлеуметтік бейімдеу мен қолдауға бағытталған жұмыс өз жалғасын табуда. Мемлекеттік құрылымдар, құқық қорғау органдары және әлеуметтік мекемелер арасындағы тығыз әріптестік – отбасы институтын қорғау мен дамытуға бағытталған стратегиялық бастамалардың негізі саналады.