Ақтау қалалық соты Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің пробация қызметі ұсынған материалдарды қарап, бұзақылық жасағаны үшін бір жылға бостандығын шектеу жазасына тартылған жасөспірімді рақымшылық актісіне сәйкес мерзімінен бұрын босатты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Сот үкімінен кейін ол пробация бақылауында болып, белгіленген міндеттерді адал орындады. Өз ісіне жауапкершілікпен қарағанын ескере отырып, сот заңда көзделген негіздер бойынша оның қалған жазасын рақымшылықпен жойды. Жасөспірім өткен ісіне өкінетінін жасырмады:
"Ең қиыны – белгі қою да, әңгімеге бару да емес, анамның көзіне қарау болды. Пробация маған ой салды: неге осында түстім, енді қалай өмір сүргім келеді", – деді ол.
Ол рақымшылықты жаңа өмірге берілген мүмкіндік деп бағалайды:
"Сол кешті қайтара алмаймын, бірақ келесі күнді өзгеше өткізе аламын. Оқуыма қайта оралдым, енді алға ұмтылғым келеді", – деп ойымен бөлісті.
Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің Ақтау қалалық пробация қызметі атап өткендей, рақымшылық – қателескен жасөспірімдерге қоғамға қайта бейімделуге, өз болашағын заңды жолмен құруға мүмкіндік беретін маңызды құқықтық тетік.