Матч бүгін тамыздың 20-нан 21-не қараған түні 00:00-де басталады.

Бүгін алматылық "Қайрат" Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде алғашқы матчын өткізеді. Қарсылас – Шотландия алпауыты "Селтик". Ойын Глазгодағы әйгілі "Селтик Парк" аренасында өтеді. Мұнда футболшыларға 60 мыңнан астам жанкүйер бір мезетте қолдау көрсетпек.

Алматылықтар үшін бұл тарихи сәт. Тұңғыш рет Чемпиондар лигасының гимні дәл осындай деңгейде шырқалады. Қандай нәтиже тіркелсе де, "Қайрат" қазірдің өзінде Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама алып үлгерді. Дегенмен, басты мақсат ең беделді клубтық турниріне шығу.

Соңғы деректерге сүйенсек, "Қайрат" бұл ойынға бірнеше негізгі ойыншысыз шығады. Валерий Громыко мен Георгий Зария алаңға шықпайды. Луиш Матаның жарақаты да бапкерлер құрамының жоспарына өзгерістер енгізіп отыр.

"Селтиктен" басты қауіп – сол қапталдағы жапон шабуылшысы Дайдзэн Маэда. Ол соңғы сегіз ойында сегіз гол соғып, қарсыластарға көп қиындық туғызды. Сонымен қатар, бұрын "Арсеналда" ойнаған Киран Тирни қорғаныстың тірегіне айналуы ықтимал.

Бүгінгі матч "Қайрат" үшін үлкен сынақ болмақ. Ұзақ жолдан шаршаңқы болса да, команда жанкүйерлердің сенімін ақтау үшін соңына дейін күресуге дайын. "Селтик" фаворит саналғанымен, алматылықтардың ерлік жасауы әбден мүмкін.