Стационарда зардап шеккен үш бала бар, олардың біреуінің жағдайы өте ауыр, қалған екеуі тұрақты ауыр деп бағалануда.
Абай облысы Үржар ауданында болған жол апатынан үш бала қаза болып, тағы үш бала жарақат алды, деп хабарлайды облыстық ПД баспасөз қызметі.
Тойота көлігінің егде жастағы жүргізушісі рульге ие бола алмай, жолдан 10 метр жерде қақпаның жанында ойнап жүрген балаларды соққан. Көліктің бір топ баланы қағып кетуі салдарынан үш бала қаза болды, тағы үшеуі дәрігерлердің бақылауында.
Денсаулық сақтау министрлігі хабарлағандай, қайғылы жағдайдан аман қалған балаларға көмек көрсету үшін Қасым-Жомарт Тоқаев құрамында реаниматолог, нейрохирург және травматолог бар астаналық дәрігерлер бригадасын жіберді. Дәрігерлер мінген қорғаныс министрлігіне қарасты С-295 әскери-көлік ұшағы түнгі 00:00 шамасында өңірге жетті.
"Облыс әкімі Берік Уәлидің тапсырмасы бойынша қаза болғандардың отбасыларына жерлеуді ұйымдастыруда барлық қажет қолдау көрсетіледі, психологиялық және материалдық көмек көрсетіледі", – дейді әкімдіктегілер.
Оқи отырыңыз: Алматыда жаппай жол апатынан 23 адам жарақат алды: тергеу басталды
Жол апатынан зардап шеккен балаларға барлық қажет медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Стационарда зардап шеккен үш бала бар, олардың біреуінің жағдайы өте ауыр, қалған екеуі тұрақты ауыр деп бағалануда.
"Балаларға бассүйек-ми жарақаттары, тірек-қимыл аппараты мен ішкі ағзалардың жарақаттары диагнозы қойылған. Балалардың жағдайы тұрақталғаннан кейін оларды Астанаға әуе бортымен тасымалдау мәселесі шешілетін болады", – деп жазылған хабарламада.
Пациенттердің біріне дәрігерлер бригадасы қазір миға күрделі нейрохирургиялық операция жасап жатыр, ішкі ағзалардан қан кету тоқтатылды.