АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаның ешқашан НАТО құрамына кірмейтінін тағы да мәлімдеді, деп хабарлайды АА.

Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы дағдарысты реттеу перспективасына қатысты Fox News-ке берген сұхбатында айтты.

Оның сөзінше, Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін беруде негізгі жауапкершілікті Еуропа елдері өз мойнына алады.

«Олар НАТО мүшесі болмайды, бірақ бізде бұл жүкті көтеруге дайын еуропалық елдер бар. Олардың кейбірі – Франция, Германия, Ұлыбритания – әскерін орналастырғысы келеді. Шынымды айтсам, менің ойымша, бұл мәселе тудырмайды», – деді Трамп.

Сондай-ақ Трамп президент ретінде АҚШ әскерін Украинаға жіберуді мақұлдамайтынын атап өтті.