Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісін қарайтын судья Әбінұр Қарабаевтың әдеттен тыс қылығын журналист видеоға түсіріп алды – оның тілін көрсеткен сәті кадрға ілінген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Видеоны журналист Ботагөз Омарова Facebook желісіндегі парақшасында жариялады.
"Менің журналистік тәжірибемде, әрине, түрлі жағдай болды, бірақ судья тілін шығарғаны бірінші рет болып отыр", — деп жазды БАҚ қызметкері.
Оның айтуынша, Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша өткен сот отырысында сотқа төрағалық етуші судья Әбінұр Қарабаев күтпеген жерден оған тілін шығарған.
"Мен, шынымды айтсам, таңғалдым. Сөйтіп осы видеоны сіздерге көрсетуді жөн көрдім. Қарабаевқа не болды? Бұлай істеуіне не себеп болды? Онда бәрі дұрыс па? Білмеймін... Ол үшін алаңдап отырмын", — деді Ботагөз Омарова.
Журналист Тибетте тілді көрсету сәлемдесуді білдіреді деп жазды.
Еске сала кетейік, Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау фактісі бойынша 28 шілдеде басталған сот процесі аяқталуға жақын.
Айта кетейік, биыл 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке шабуыл жасалды.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдікті шенеунікке қарай үш рет оқ атқан. Оқиға салдарынан әкімдік қызметкері жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.
Дәрігерлер Руслан Берденовке шұғыл түрде ота жасалғанын, ота төрт сағаттан аса уақытқа созылғанын жеткізді. Кейінірек оның есін жиғаны белгілі болды.
Полиция күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
25 маусымда Руслан Берденовке жасалған қастандық ісі бойынша тергеу аяқталғаны хабарланды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз