Елімізде тозығы жеткен жеделсаты көп. «Лифт компаниялары » қауымдастығының дерегінше, 4 мыңнан астамының орнатылғанына ширек ғасырдан асқан. Сондай-ақ істен шыққан, халықаралық талаптарға сай келмейтін тағы 3 мыңы бар. Көне лифттерді ауыстыру үшін тұрғындар қайда жүгіне алады? Мемлекет қандай қадам жасамақ?

Жанел Нұрболатқызы, тілші:

Талапқа сай келмейтін лифттер басқа емес, бас қаланың өзінде көп. Осыдан үш күн бұрын дәл осы тұрғын үй кешенінде жасөспірім қыз мінген лифт 9-қабаттан құлады. Абырой болғанда қыз аман. Төтенше жағдайлар қызметі оны лифттің шахтасынан шығарып алған.

Жанел Нұрболатқызы, тілші:

Оқиға осы кіреберісте болған. Сол күні техникалық қызмет мамандары келіп, жертөлеге түсіп кеткен лифтті қалыпқа келтірген. Қазір жұмыс істеп тұр. Бірақ тұрғындар жазым боламыз ба деп жанын шүберекке түйіп мінеді. Өйткені, бұған дейін осы кіреберістен басқаларында да лифт бірнеше рет үстіңгі қабаттан құлдидап, жертөледен бір-ақ шыққан.

Бұл тұрғын үй 2021 жылы қолданысқа берілген. Демек, лифт әбден тозығы шыққандықтан сына береді деуге келмейді. Тұрғындар үйді салған компания әу баста құрылысқа немқұрайлы қараған деп санайды. Кейін өздері сараптама жасатып, «мінуге болмайды, қауіпті» деген анықтама да алған.

Нұрзат Арыстанбаева, тұрғын:

Осыдан екі ай бұрын менің жолдасым осы лифттің ішінде қалып қойды. Кішкентай балалар жылап, біз 40 минут күттік. Олар келіп жөндейді, бірақ оның бәрі уақытша.

Кәмшат Келісқызы, тұрғын:

Бір күнде тек сегізінші подьезде лифт бес рет сынды. Оның алдында үшінші этаждан өзім құладым.

Бірақ қылмыстық іс жасөспірім қыз тоғызыншы қабаттан құлағаннан кейін ғана қозғалған. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Елде талапқа сай келмейтін лифттермен қатар, көнесі де жетеді. Сандарды сөйлетсек, 4 мыңнан астам лифттің орнатылғанына 25 жылдан асқан. Соның басым бөлігі Павлодар, Қарағанды, Астанада.

Нұрлан Құттыбаев, ҚР Лифт компаниялары қауымдастығының төрағасы:

Қарағандыда мерзімі 50 жылдан асып кеткен лифттер де бар. Бірақ ол лифт жүріп тұр. Тұрғындар лифтсіз қала алмаймыз деп оны сөндіруге жол бермей отыр.

Қазіргі заңнамаға сәйкес, ескірген не істен шыққан лифтті жөндеуге тұрғындардың өздері ақша жинауы керек. Ал қаражат жинай алмаса, мемлекеттік бағдарламарға жүгініп көре алады. Оған ОСИ, яғни мүлік иелерінің бірлестігі өтінім жазуы керек.

Диана Мұсахмет, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі басқармасының сарапшысы:

2024 жылы республикалық бюджет ақшасына 234 лифт күрделі жөндеуден өтті. Оның ішінде 8 лифт ауыстырылды. Ал 2025 жылға жергілікті атқарушы органдарға 248 лифт ауыстыру туралы өтінім келіп түсті.

Сондай-ақ тұрғындар лифтті ауыстыру үшін мемлекеттен 7 не 15 жылға несие ала алады. Ол үшін мүлік иелерінің бірлестігімен бірге әкімшілікке барып, лифттің 25 жыл бұрын орнатылғанын дәлелдейтін құжаттарды ұсынуы керек. Несие мақұлданса, әр үй ай сайын шамамен 2 не 5 мың аралығында теңге төлеп отырады.

Жанел Нұрболатқызы