Шымкент гарнизонында қарулы күштердің өкілдері сарбаз ата-аналарының қатысуымен дөңгелек үстел өткізді.

Іс-шараның басты мақсаты әскери қызметшілердің қызмет жағдайын, моральдық-психологиялық ахуалын, сондай-ақ отбасылар мен бөлім қолбасшылығы арасындағы сенімді нығайтуға қатысты өзекті мәселелерді талқылау болды. Жиынға қатысушылар сарбаздарды қамтамасыз ету, олардың құқықтық қорғалуы мен білім беру мүмкіндіктері, сонымен бірге әскери қызметтің беделін арттыру үшін ашық диалогтың маңыздылығын атап өтті.

Іс-шараға Шымкент қаласы мен Түркістан облысында орналасқан әскери бөлімдердің қолбасшылығы, жергілікті әскери басқару органдарының, әскери полиция бөлімінің бастықтары және "Аналар жүрегі" сарбаз аналары комитеті" РҚБ өкілі Шарифа Момынова қатысты.

Тараптар мерзімді қызмет өткеру жағдайына, әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық жай-күйіне және бөлімшелер қолбасшылығы мен сарбаздар отбасыларының арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға қатысты мәселелерді талқылады.

Дөңгелек үстелге қатысушыларға арнаған сөзінде Шымкент гарнизонының бастығы подполковник Сергей Биболатов қоғамның армияға деген сенімінің маңыздылығына тоқталып, әскерге шақырылушылардың моральдық-патриоттық қасиеттерін қалыптастырудағы ата-аналардың рөлін атап өтті.

"Әскери қызметшілердің отбасы мүшелерінің бөлімдердің өміріне қатысы бар екенін сезінуі маңызды. Ата-аналардың қолдауы сарбаздарды тәрбиелеуде және әскери қызметтің беделін арттыруда шешуші рөл атқарады", — деді ол.

Кездесу барысында жергілікті әскери басқару органдарының өкілдері мен әскери бөлімдердің командирлері сарбаздарды заттай мүлікпен қамтамасыз ету, тамақтандыруды ұйымдастыру, құқықтық қорғау, олардың білім алу мүмкіндіктері және моральдық-психологиялық қолдау туралы баяндамалар ұсынды.

Сарбаз аналары комитетінің өкілі Шарифа Момынова ата-аналардың сенімі мен қолбасшылықтың ашықтығы армияның беделіне тікелей әсер ететінін атап өтті.

"Қызмет қауіпсіз, әлеуметтік қорғалған және беделді болуы тиіс. Жастар армияға ерік-жігермен баруы керек, ал олардың отбасылары балаларының алаңсыз қызмет етіп жатқанына сенімді болуы керек", — деп атап өтті ол.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша тараптар мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер арасында моральдық-психологиялық ахуалды нығайту бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға ниет білдірді.