Көп жағдайда несие алушылар басынан банктер алдындағы міндеттемелерін орындаудан жалтарған.
ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті "Comfort Time" ЖШС және басқа да бақылаудағы кәсіпорындардың басшылығына қатысты алдау арқылы мүліктік залал келтіру фактісі бойынша тергеу жүргізуде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қылмыстық схеманың ұйымдастырушылары бірқатар заңды тұлғаларды тіркеп, солар арқылы несие алуды көздеген, алайда іс жүзінде еңбек қатынастарында болмаған азаматтардың атына жалған зейнетақы аударымдарын рәсімдеген.
Салдарынан қарыз алушылардың табыстары мен төлем қабілеттілігі туралы жалған деректер қалыптастырылып, банктер соның негізінде несие рәсімдеген.
Аталған заңсыз қызмет үшін ұйымдастырушылар қарыз алушылардан берілген соманың 10%-ына дейін "сыйақы" алып отырған.
Көп жағдайда несие алушылар басынан банктер алдындағы міндеттемелерін орындаудан жалтарған.
Аталған қылмыстық схема аясында 399 млн теңге сомасына қайтарылмай қалған 140 несие алынған. Көбіне қарыз алушылар қатарында жұмыссыз азаматтар немесе теріс несие тарихы бар тұлғалар болған.
Мұндай фактілер Астана, Алматы, Шымкент қалалары, Жетісу, Абай, Маңғыстау, Жамбыл және Ақтөбе облыстарынад анықталды.
Айта кету керек, аталмыш схемалар халықтың қарызға бату мәселесін одан сайын күрделендіреді, себебі қарыз алушылар бірден бірнеше банктен мақұлдауын алып, салдарынан олардың қарыз жүктемесі еселеп өседі.
Тергеу жалғасуда.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.