Алматыдағы тұрғын үйлердің бірінің ауласында кішкентай қызды тоқ соқты, деп хабарлайды Kazinform.

Ақпарат агенттігінің хабарлауынша, оқыс оқиға туралы желіде зардап шеккен баланың анасы айтты. Оның сөзінше, оқиға Науаи, 39 мекенжайында орналасқан тұрғын үйдің ауласында болған.

"Үй ауласындағы шам бағанасының жанында бір арматура шығып тұрды. Ойнап жүріп қызым соған тиіп кетті де, құлап түсті. Кейін арматурадан тоқ соққанын түсіндім. Қызым қазір жансақтау бөлімінде жатыр", — деді баланың анасы.

Алматы қаласының полиция департаменті аталған дерек бойынша Әуезов ауданына қарасты полиция бөлімі тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

"Істің нақты мән-жайы анықталғаннан кейін қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады", - деп хабарлады полиция департаменті өкілдері.

Кейін ақпарат агенттігіне Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері зардап шеккен қыздың жағдайы туралы мәлімет берген. Қыз Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізілген. Қазір жағдайы орташа ауырлықта.

"Бала әуелде реанимация және қарқынды терапия бөліміне жатқызылды. Кейін бейінді күйік бөліміне ауыстырылды. Жағдайы орташа ауырлықта, тұрақты. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің хаттамасына сәйкес толық көлемде ем қабылдап жатыр", - дейді басқармадағылар.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз