Премьер-министр Олжас Бектенов 2025 жылғы 19 тамызда Үкімет отырысында жолаушылар тасымалы саласындағы қызметтерді одан әрі жетілдіру бойынша тұрақты жұмыс жүргізу қажеттігін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Үкімет басшысы транзиттік хаб ретіндегі елдің позициясын нығайту үшін инфрақұрылым мүмкіндіктерін белсенді түрде арттыру қажет екенін атап өтті.
"Әсіресе шекара маңындағы аудандарда "тар" орындарды жою керек. Транзиттік тасымал көлемін ұлғайту аса маңызды, әсіресе Шығыс – Батыс бағыты бойынша. Биылдың өзінде "Достық – Мойынты" және "Алматы айналма жолы" сияқты ірі жобалар аяқталады. Қазір "Дарбаза – Мақтарал", "Бақты – Аягөз" теміржол желілерінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл жобаларды белгіленген мерзімде іске асыру қажет. Уақтылы жүзеге асырылуы қиын учаскелер мен ірі түйіспелі тораптарды жеңілдетіп қана қоймай, жүк транзитін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді", – деді Олжас Бектенов.
Премьердің еске салуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен "Мойынты – Қызылжар", "Алтынкөл – Жетіген", "Бейнеу – Маңғыстау" учаскелерінде құрылыс және жаңғырту жұмыстары басталды. Бұл да өткізу қабілетін арттыруға бағытталған.
"Аталған жобалар бойынша бақылауды күшейтіп, оларды уақытылы пайдалануға беру қажет. Сондай-ақ салада цифрландыруға үлкен көңіл бөлінуде: басқарудың автоматтандырылған жүйелерін енгізу, цифрлық диспетчерлендіру, ақпараттық жүйелерді интеграциялау… Теміржол саласын цифрландыруда ІТ-инфрақұрылымды басқару мен ақпараттық жүйелерді біріктіруде кешенді тәсілді іске асыру қажет", – деп толықтырды премьер-министр.
Сондай-ақ Үкімет басшысы жолаушылар тасымалы саласына ерекше назар аудару керектігін айтты, өйткені халықтан қызмет сапасы мен вагондардың жағдайына қатысты шағымдар әлі де түсіп жатыр.
"Бұл теміржолдың да, жалпы елдің де имиджіне әсер етеді. Сондықтан барлық тасымалдаушыларда жолаушылар вагондары мен локомотивтер паркін тұрақты түрде жаңартып отыру қажет. Отандық вагон жасау зауыттары қазіргі заманғы жайлы жолаушылар вагондарын шығара бастады, оларды ұлттық тасымалдаушы қолданып жүр. Сонымен қатар жүк тасымалдайтын жылжымалы құрамды өндіру мен ауыстыруды жандандыру керек. Бұдан бөлек, Көлік министрлігі мен "ҚТЖ" жылжымалы құрамның қозғалыс жылдамдығын арттыруға мүмкіндік беретін заманауи әрі перспективалы әзірлемелерді енгізу мәселелерімен айналысуы қажет", – деді Олжас Бектенов.
Ол жолаушылар тасымалы саласындағы қызметтерді жетілдіру бойынша тұрақты жұмыс қажет екенін тағы да атап өтті.
"Сонымен қатар шешуді қажет ететін басқа да мәселелер бар. Бизнес жүктің мемлекетаралық өткізу пункттерінде кідіріп қалуымен бетпе-бет келіп отыр. Көлік және Қаржы министрліктері ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп, шекарада мемлекеттік қызмет көрсетуді жедел әрі сапалы ұйымдастыру шараларын қабылдауы тиіс. 2028 жылға қарай жолаушылар вагондарының паркі 3 мыңнан асады, бұл тозған құрам мәселесін жабады. Алайда жекеменшік тасымалдаушылар вагондарын жаңартуда қиындық көріп отыр. Осыған байланысты Көлік министрлігі жеке тасымалдаушыларды қолдау шараларын әзірлеуі тиіс", – деді премьер-министр.
Оның пікірінше, бұл жолаушылар мен жүк тасымалының жалпы сапасына оң әсерін тигізеді.
"Индустрия және Көлік министрліктеріне өндірілетін машина жасау өнімдерінің локализациясын кезең-кезеңімен арттыруға бағытталған үлгілік келісімдерді әзірлеп, кәсіпорындарды ұзақмерзімді келісімшарттармен қамтамасыз етуді тапсырамын", – деді Олжас Бектенов.
Бұған дейін Қазақстанда теміржол желілерінің тозуы 57%-ға жеткендігі хабарланған болатын.