Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ресми сайтында 2026 жылы қажылық пен ұмраға апаратын туристік фирмаларға байқау жариялады.
Конкурс талаптары бұрынғыдан қатаңдатылған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Мүфтияттың үміткер турфирмаларға қажылық орындарын бөлудің ережесі бірнеше талаптан тұрады:
- "Қажылық-2026" маусымына дайындығы және нақты игере алатын қажылық орын саны мен мүмкіндігі туралы ҚМДБ-ға өтініш хат жіберу;
- Туроператорлық қызметті жүзеге асыру бойынша ҚР қолданыстағы заңнамасының талаптарына сай берілген тиісті мемлекеттік лицензиясының және ҚР туристік қызметі туралы заңының 27-3-бабының 1-тармағына сәйкес қосымшасының болуы;
- Салық комитетінде тіркелгені туралы куәлігінің және салықтарды төленгенін айғақтайтын құжаттардың болуы;
- Қажылық пен ұмраны ұйымдастыруда тұрақты оң бес жылдық тәжірибесінің бар екендігін айғақтайтын құжаттардың болуы;
- ҚР заңдарын және САК тарапынан қажылыққа қатысты қойылған талаптарды бұзбауы;
- ҚР аумағында халыққа сапалы қызмет көрсете алатын кеңсесінің болуы (кеңсенің мекен-жай анықтамалығы, кеңсе немесе ғимаратты жалға алған келісім-шарты) керек.
Құжаттарды қабылдау 2025 жылғы 18 тамызда басталып, 31 тамызда аяқталады.