Қазақстан 2035 жылға қарай транзиттік жүк көлемін 100 млн тоннаға жеткізуді көздеп отыр.

Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда еліміз арқылы 5 халықаралық теміржол дәлізі өтеді. Соңғы он жылда транзит көлемі екі есе өсіп, 2024 жылы 27,4 млн тоннаға жеткен. Биыл көрсеткіш 33 млн тоннаға дейін ұлғаймақ. 2026 жылы 54 млн тоннаға, ал 2029 жылы 67 млн тоннаға жеткізу жоспарланған.

KPMG және PwC халықаралық консалтингтік компанияларының болжамына сәйкес, 2035 жылға қарай Қазақстан транзиттік жүк көлемін 100 млн тоннаға дейін арттырады. Бұл шамамен 4,4 трлн теңгені құрайды.

Сауранбаевтың айтуынша, бүгінде елде 300-ден астам оператор жұмыс істейді. Олардың қолында 142 мың жүк вагоны бар, соның 41%-ы «Қазақстан темір жолына» тиесілі. 2029 жылға дейін операторлар 7 мыңнан астам жаңа вагон сатып алады.

Қазір Қазақстанда 7 ірі терминал жұмыс істеп тұр: Ляньюньган, Сиань, Достық, Қорғас, Құрық, Ақтау және Алматы. Жақын арада Селятино мен Свислочь терминалдары іске қосылады. Сонымен бірге тағы 5 терминалды дамыту жоспарда бар.