Үкімет отырысында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Мемлекет басшысының теміржол инфрақұрылымын дамыту жөнінде берген тапсырмаларының жүзеге асу барысын баяндады.
Биыл мерзімінен бұрын екі ірі жоба аяқталмақ. Олар: "Достық – Мойынты" учаскесі және "Алматы айналма теміржолы", деп жазады inbusiness.kz сайты.
Тасымалдардың тиімділігі мен тұрақтылығын арттыру үшін 2029 жылға дейін 5 мың шақырым жаңа жол құрылысын салу мен жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Сонымен қатар, 11 мың шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі кезде 5 жоба бойынша жаңадан құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Олар – "Достық – Мойынты", "Дарбаза – Мақтаарал", "Мойынты – Қызылжар" "Бақты – Аягөз" учаскелері және "Алматы айналма теміржолы".
Келесі жылы "Мойынты – Қызылжар" және "Дарбаза – Мақтаарал" жаңа теміржолдары іске қосылмақ. Сонымен бірге, биылдан бастап 3 мың шақырымдық теміржол учаскелерінде кең ауқымды жаңғыртулар басталды.
"Бұл жұмыстарды жаңа жолдарды салумен бірдей дәрежеде қарастыруға болады. Мысалы, "Қызылжар – Сексеуіл" учаскесінің өткізу қабілеті 8 пойыздан 25 пойызға дейін, ал "Қандыағаш – Тобыл" 7-ден 25-ке дейін артпақ. Бүгінгі күнде аталған жобалар Қазақстанның теміржол негізін толығымен қалыптастырады деп айтуға болады", – деді министр Нұрлан Сауранбаев.