Қазір аталған қылмыстық істі тергеу Жамбыл облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментіне тапсырылды.

Тараз қаласының прокуратурасы "Т" ЖШС қызметін тексеру барысында көппәтерлі тұрғын үйдің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізу үшін жасалған төртжақты келісімшартта тұрғындар қолтаңбаларының қолдан жасалғанын анықтады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес кондоминиум нысанының ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізуге мердігер ұйымды таңдау үй кеңесінің құзыретіне жатады. Алайда бұл жағдайда тұрғындарға мердігерді таңдауға мүмкіндік бермей, олардың қолтаңбалары қолдан жасалған.

2 шілде күні Тараз қаласы прокуратурасының нұсқауымен бұл дерек ҚК-нің 385-бабы 1-бөлігі бойынша Тараз қаласы ПБ-ның СДТБТ-на тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Сонымен қатар серіктестік қызметін тексеру нәтижесінде, 03.05.2025 жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға бөлінген 59 млн теңге көлемінде бюджет қаражатын негізсіз жұмсау фактісі бойынша ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігімен қылмыстық іс тіркелді.

ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.