Қазақстанда алдағы үш күнде – 2025 жылғы 19, 20 және 21 тамызда – дерлік күзгі ауа райы күтіледі. Бұл туралы "Қазгидромет" РМК баспасөз қызметі таратқан болжамда айтылды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Алдағы күндері Қазақстан Республикасының метеорологиялық жағдайына батыс аймақтардан шығысқа қарай жылжып келе жатқан солтүстік-батыс циклон әсер етуді жалғастырады.
"Ол ауыспалы бұлтты, найзағайлы жаңбырлы ауа райын қалыптастырады, күндізгі сағаттарда бұршақ пен екпінді желдің күшеюі ықтимал. Күшті жаңбырлар 19 тамызда батыста және шығыста, 20–21 тамызда солтүстік-батыста, ал 21 тамызда еліміздің солтүстігінде күтіледі. Ал оңтүстік өңірлерде антициклонның ықпалымен негізінен құрғақ әрі ашық ауа райы сақталады. Республика бойынша желдің күшеюі, түнгі және таңғы сағаттарда тұман күтіледі",- делінген ақпаратта.
Синоптиктердің дерегінше, ауа температурасы солтүстік өңірлерде төмендейді: түнде +10…+17 °C, күндіз +17…+25 °C болады. Шығыста түнгі температура +5…+15 °C шамасында, күндіз аздап көтеріліп, +22…+29 °C дейін жетеді.
"Қалған аймақтарда ауа температурасының айтарлықтай өзгерісі болжанбайды". "Қазгидромет" РМК
Бұған дейін Алматыда электр энергиясының тарифі 15% қымбаттағаны хабарланған болатын.